ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында «Toyota Camry» «КамАЗ» жүк көлігімен соқтығысып, үш адам қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға кеше Шыңғырлау ауданы аумағында болды.
Шамамен сағат 09.30-да Самара-Шымкент жолында 27 жастағы жүргізуші жеңіл көлігімен қарсы жолаққа шығып кеткен. Сөйтіп 28 жастағы жүргізуші айдап келе жатқан «КамАЗ» автокөлігімен түйісуге жол берген.
Соның салдарынан жеңіл көлікте отырған екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды.
Тағы біреуі көршілес Ақтөбе облысы Қобда аудандық орталық ауруханасында қайтыс болды. Жүргізуші мен тағы бір жолаушы ауруханаға жатқызылды.
Қазіргі кезде ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).