Батыс Қазақстанда тұман түсіп, көктайғақ болады

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Қазгидромет» РМК БҚО филиалының мәліметіне қарағанда, 24 ақпан күні облыстың кей жерлерінде жауын-шашынды болып, тұман түсіп, көктайғаққа ұласады. Оған қоса оңтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін жетеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Орал қаласында да күн жауын-шашынды болып, желдің жылдамдығы секундына 18 метрге дейін күшеймек.

Осыған орай БҚО ТЖ департаменті тұрғындар арасында төтенше жағдайларды болдырмау, өмірлік маңызы зор нысандардың іркіліссіз жұмысын қамтамасыз ету мақсатында ескерту жариялады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын 2-3, 5, 15-16 және 19-21 ақпан күндері желдің күшейіп, бұрқасын көтерілетіні жөнінде ескерту жарияланған болатын.

Соңғы күндері Батыс Қазақстанда ауа райы құбылмалы болып тұр. Еріген қар суы қайта қатып, мұзға айналуда. Сондықтан, әсіресе, жолдарда абайлап жүрмесе болмайды.