ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында тұрғын үй өртеніп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 2 сәуір күні Қаратөбе ауданы Қалдығайты ауылында болды.
«Сағат 12.53-те Алтын таға көшесі 7/1-мекенжайында екі пәтерлік үйдің бір жағы жанып жатқаны жөнінде хабар түскен. Өрт аумағы шамамен 100 шаршы метрді қамтыды. Зардап шеккендер жоқ. «Тілсіз жау» сағат 15.19-да оқшауланып, 16.21-де ауыздықталды. Қазіргі кезде өрттің шығу себебі, келтірілген шығын анықталу үстінде», деп хабарлады ведомстводан.
Тұрғындардың сөзіне қарағанда, өрт салдарынан бір отбасы баспанасыз қалды. Күні бүгін оларға көмек ұйымдастырылып жатыр.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).