ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында үш жеңіл көлік қар құрсауында қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 5 наурыз күні Қаратөбе ауданында болды.
Қаратөбе-Қалдығайты тас жолында Қаратөбе ауылынан 22 шақырым жерде үш жеңіл көлік қар құрсауынан шыға алмай, қалып қойған.
Сағат 04.00-де ТЖД күшімен (5 қызметкер, 1 техника) жеңіл көліктердегі 11 адам Қаратөбе ауылына эвакуацияланды. 11 адамның біреуі – бала. Олар медициналық көмекті қажетсінбеді.
БҚО ТЖ департаменті бүгін республикалық маңызы бар Самара-Шымкент жолының ашық, ал Орал-Тасқала-РФ шекарасы трассасы жабық екендігін жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда балалар мінген 2 мектеп автобусы қар құрсауында қалғанын, БҚО трассасында жүк көлігінің тіркемесі жанып кеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).