Батыс Қазақстанда үюлі тұрған 187 тонна пішен отқа оранды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында үюлі тұрған 187 тонна пішен отқа оранды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО ТЖД баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 4 шілде күні Жаңажол ауылдық округінде болды.

«Сағат 17.51-де Тоқсанбай елді мекені маңында пішен жанып жатқаны жөнінде хабар түскен. Оқиғаны барлау барысында «Аружан» шаруа қожалығы аумағында 450 шаршы метр алаңда үйілген 187 тонна пішен мен оған қоса қораның (аумағы 75 шаршы метр) өртеніп жатқаны анықталды. Зардап шеккендер жоқ. Өртті сөндіруге 11 адам 3 техникамен жұмылдырылды. «Тілсіз жау» 5 шілде күнгі сағат 4.28-де оқшауланып, 6.07-де ауыздықталды. Қазір өрттің шығу себебі, келтірілген шығын анықталу үстінде», - деп хабарлады ведомстводан.

Бұл - Қазталов ауданындағы осындай екінші оқиға. 22 маусым күні сағат 22.55-те Әжібай ауылдық округі Қыркөл қыстағында «Багисова» шаруа қожалығы аумағында өткен жылдан қалған 237 тонна пішен (2500 шаршы метр) өртенді. Оқиға орнында Ақжайық ауданы Жаңабұлақ ауылының тұрғыны, 1972 жылғы ер адам ауыр күйік жарақатын алды. Өрт 23 маусымда сағат 15.05-де сөндірілді. Аудандық ауруханадан түскен мәлімет бойынша, денесінің 85 пайызын күйік шалған ер адам 23 маусымда сағат 23.30-да көз жұмды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал әуежайында Toyota Ipsum автокөлігі жанып кеткенін жазған болатынбыз.