Батыс Қазақстанда Ж.Молдағалиевтің туған күні аталып өтілді

None
ОРАЛ. 6 қазан. ҚазАқпарат - 5 қазан - атақты қазақ ақыны, Қазақстанның халық жазушысы, КСРО және Қазақстан Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты Жұбан Молдағалиевтің туған күні.

 Осыған орай Ақжайық ауданы орталығы Чапаевта, Жұбан ескерткішінің іргесінде оқушылар, жастар мен «Муза» шығармашылық оқырмандар отауының мүшелері бас қосты.

Бұл жыр сабағында Қазақстан ақын-жыршылар одағының мүшесі Сағынтай Бисенғалиев ақын туралы ой өрді, жыр тербеді. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғилаж Лұқпанов Жұбанға көрсетілер құрмет тек туған күнінде, туған жерінде емес, барлық елде үздіксіз жүргенін қалайтынын айтты. Ақын Тілес Жазықбай, аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы Тілек Ғабдушев, «Ақжайық өрендері» жастар қоғамдық бірлестігінің атқарушы хатшысы Біржан Кухаев, жас қалам иелері Айжан Сейтқалиева, Нұржан Зейнуллиев жүрекжарды лебіздерін білдіріп, өз өлеңдерін оқып, ақиық ақынның рухына тағзым етті.