Батыс Қазақстанда жаңа диірмен кешені пайдалануға берілді

None
ОРАЛ. Желтоқсанның 22-сі. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - БҚО-ның Зеленов ауданы Белес ауылында жаңа диірмен кешені пайдалануға беріліп, оның ашылу салтанатына облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қатысты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа диірмен құрылысына 1,2 млрд. теңге жұмсалды. Ол Германияның әйгілі «Бюллер» фирмасының жабдықтарымен жарақталған. Қазір осындағы жұмысқа Белес ауылынан 60 адам тартылып отыр. Өндіріс орны күш-қуатына енгеннен кейін жұмысшы-қызметкерлердің саны жүзге жетпек.

Диірменді іске қосқан «Агротраст» ЖШС директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Мұрат Жәкібаевтың айтуынша, диірмен күніне екі ауысымда 150 тонна өнімді өңдей алады. Күн сайын 125 тонна ұн шығарады. Кәсіпорын қатты, жұмсақ бидай мен қара бидайды өңдейді. Қатты бидай өнімі макарон жасауға, жұмсақ және қара бидай ақ, қоңыр ұн шығаруға жұмсалады. Кәсіпорын құрылысына барлығы 500 адам тартылды. Диірменді тұрғызу ісіне бірнеше мердігерлік ұйым атсалысты, бірақ негізгі жұмысты «Ортэкс» ұжымы атқарды. Мұндағы өңдеу үдерімі енді су жаңа швейцариялық техника және технологияның күшімен атқарылады. Оларды орнатқан және сапасын тексерген - неміс мамандары. Өнім сапасы еуростандарттарға сәйкес болмақ. Нәтижесінде ұн мен жарма өнімдері сыртқа да шығарылады. Болашақта макарон өндіретін желі мен наубайхананы іске қосу жоспарда бар.