ОРАЛ. 25 шілде. ҚазАқпарат - «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының өкілдері «Бизнес - Кеңес» жобасы бойынша Теректі ауданында екікүндік тегін оқу-семинарын өткізді.
Оған 20 шақты жас қатысты. Дені - «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасып жатқан жас мамандар.
«Даму» қоры облыстық филиалының менеджері Әсел Жақыпованың айтуынша, семинарды ұйымдастырудағы басты мақсат - кәсіпкерлерге және кәсіпкерлікке ынталы қауымға тиімді бизнес құруға көмектесіп, кәсіпкерліктің «әліппесін» оқыту. Оқытудың биылғы бір ерекшелігі, істі жаңадан бастаған және бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан кәсіпкерлерге семинарлар бөлек өткізілуде. Қатысушылар маркетинг, халықпен жұмыс істеу, бизнесті жүргізудің заңдылық негіздері, салық төлеу, ақпараттық-технология жетістіктерін пайдалану бойынша дәрістер тыңдады.
Алғашқы семинар Зеленов ауданынан басталған болатын. Мұндай оқулар кестеге сай барлық аудандарды өтеді. Сөйтіп, семинарларға 500-ге жуық адамды қатыстыру көзделіп отыр.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).