БҚО білім басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, өткен маусым айында Ақжайық, Зеленов ауданында туризм және экология орталықтары жанынан, Бөкей ордасында тағы бір стационарлық лагерь ашылды.
Жазғы демалысты ұйымдастыруға биыл 220,2 млн. теңге бөлу жоспарланған (125,1 млн. теңге бюджеттік және 95,1 млн. теңге бюджеттен тыс қаражат). Маусым айында жазғы демалысты ұйымдастыруға 119,1 млн. теңге бөлінді.
Биылғы жазда 18 стационарлық лагерьде 10,6 мыңнан астам оқушыны жазғы демалыспен қамту көзделуде. Бұл сауықтыру лагерьлерінің барлығы мемлекеттік меншік түріне жатады. Стационарлық лагерьлердің жалпы санының 70 пайызынан астамы туристік-сауықтыру бағытындағы, 20 пайызы жалпы сауықтыру және біреуі («Дарын» қосымша білім беру орталығы) - әр түрлі бағытта жетістіктерге жеткен оқушылар үшін бағдарлы бағыттағы лагерь.
Маусым айында стационарлық лагерьлерде 1-10-сынып оқушыларының жалпы санынан 3734 оқушы немесе 4,6 пайызы демалыспен қамтылды.
2013 жылы оқуда табысқа жеткен және пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары мен сыйлық иегерлері болған оқушылардың демалу мүмкіндіктері кеңеюде. Олар «Дарын» жазғы лагерінің мәдени-танымдық бағыттағы ауысымдарында демала алады, бұған облыстық бюджеттен 5 млн. теңге бөлінген.
Пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары мен оқу озаттары үшін маусым айында - «Үздіктер форумы» ауысымы және пәндік олимпиадалар мен көпшілік интеллектуалды ойындардың жеңімпаздары үшін «Жазғы физика-математикалық мектеп» ауысымы ұйымдастырылды. Жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және аз қамтылған отбасынан оқуда, шығармашылықта және спортта жетістіктерге жеткен 40 оқушы Италия елінің теңіз жағалауындағы жазғы лагерьде демалады.
Маусым айында 893 қорғаншылық (қамқоршылық) және патронаттық тәрбиедегі балалардың 412-сі (46 пайыз) демалыспен қамтылды. Аз қамтылған отбасынан бірінші ауысымда 7506 оқушы (69,2 пайыз), көп балалы отбасынан 3594 оқушы (46 пайыз) демалды. Сондай-ақ бақылауда есепте тұрған және қолайсыз отбасыларындағы оқушылардың демалысын ұйымдастыру мәселесі ерекше назарда. Ағымдағы жылы аталған санаттағы оқушылардың 90 пайызын демалыс және жұмыспен қамту жоспарлануда. Маусым айында мектеп жанындағы лагерьлерде аталған санаттағы оқушылар үшін 60 адам қамтылған 2 ауысым ұйымдастырылды, 25 адам мектеп орманшылығында, 22 адам еңбек және демалыс лагерьлерінде жұмыстанып, 12 адам еңбекке орналастырылды және 46-сы абаттандыру және көгалдандыру бригадаларында жұмыспен қамтылды.
Лагерьлердің басым бөлігін мектеп жанындағы лагерьлер желісі құрайды. Аталған лагерьлерді ұйымдастыруда бағдарлы бағыттағы ауысымдар, қызығушылығы бойынша үйірмелер санының артуына аса назар аударылады.
Маусым айында барлық 347 мектеп жанында тамақтануы ұйымдастырылған лагерьлерде 15856 оқушы қамтылды. Жаздың бірінші айының өзінде ғана 519 түрлі бағыттағы демалыс лагерьлері өз жұмысын бастады.
Жазғы демалыспен көбірек қамту көрсеткіші Зеленов, Тасқала және Сырым аудандарында байқалады. Маусымның екінші жартысынан бастап балаларды жұмыспен қамту бойынша шаралар басталды. Ақжайық ауданында және Орал қаласында 2 еңбек және демалыс лагері, барлық аудандарда 400 көгалдандыру және абаттандыру бригадалары, Ақжайық, Бөкей ордасы, және Зеленов аудандарында 3 мектеп орманшылығы ашылды. Маусым айында бос уақытын түрлі үйірмелерде, аула клубтарында шығармашылықпен айналысуға 1250 оқушы мүмкіндік алды.
Өңірде спорттық туризммен айналысу жақсы жолға қойылған. Бұл жазда оқушылардың экспедиция мен көп күндік жорықтарда қамтылуы 9 мыңнан астам адамды құрамақ. Оқушылардың ең танымал көп күндік экскурсиясы - Бөкей ордасы ауданы Орда ауылындағы тарихи-мұражай кешеніне саяхат. Маусым айында бұл кешенге 300 оқушы барып қайтты. Сондай-ақ аудандық, қалалық білім бөлімдерінің мәліметінше, ағымдағы жылы елордамыз Астана қаласына облыстың 250 оқушысына саяхат ұйымдастырылатын болады. Маусым айында Астанаға Теректі ауданының 10 оқушысы барып қайтты.