ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында өрт сөндірушілер жанып жатқан жазғы демалыс орнынан газ баллонын алып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаменті зілзалалардың қауіп-қатерін азайту және азаматтық қорғау саласындағы бақылау басқармасының бастығы Ерлан Төрегелдиевтің мәлім еткеніндей, оқиға 13 мамыр күні Бәйтерек ауданы Асан ауылында орын алды.
Сағат 11.41-де «Picnic» жағажайында жазғы демалыс орны отқа оранды.
Өрт аумағы 120 шаршы метрді қамтыды. Жалын ішінен газ баллоны шығарылды.
«Тілсіз жау» сағат 12.49-да ауыздықталды.
«Мұндай жағдай облыста бірінші рет кездесіп отырған жоқ. Өрт сөндірушілер бұдан бұрын да газ баллондарын алып шыққан болатын. Өрт кезінде газ баллонының жарылу қаупі жоғары. Сондықтан тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау керектігін ескертеміз», деді ҚазАқпарат тілшісіне Е.Төрегелдиев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда өрт сөндірушілер оттың ортасынан екі газ баллонын алып шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).