Батыс Қазақстанда жеке балабақшалар саны 43-ке жетті

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында жеке балабақшалар саны 43-ке жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, 2016 жылы өңірде 24 қана жеке балабақша болған еді. Осындай жұмыстар нәтижесінде 3-тен 6 жасқа дейінгі бүлдіршіндерді мектепке дейінгі білім беру мекемелерімен қамту 99,9 процентке жетіп отыр. Дегенмен балабақша әлі де қажет. Бұл бағытта жеке кәсіпкерлерді тарту арқылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясындағы жобалар жалғасатын болады.

Облыс мектептерінде ыстық тамақпен қамтамасыз ету көрсеткіші 95 процентті құраса, инклюзивті білім беру мүмкіндігі шектеулі балалардың 61 процентін қамтыды. Интернетке облыстың 380 мектебі толық қосылса, оның 330-ы кең жолақты интернетпен қамтылған.

Облыс мектептерінде 12200-ден астам мұғалім жұмыс жасағанымен, 38 маман жетіспейді. 2017 жылы алғаш рет жергілікті бюджет есебінен мектептердің 190 түлегіне білім гранты берілсе, соның 66-сы болашақ мұғалімдердің еншісіне тиді.

Биыл білім саласының жаңартылған бағдарламасына сәйкес бастауыш және орта сынып мұғалімдерінің жалақысы 30 процентке дейін көтеріледі.

Айта кетейік, 2017 жылы білім саласына бөлінген қаражат 5,5 процентке өсіп, 57,7 млрд теңгеге жетті, бұл - жалпы шығынның 31 проценті. Өткен жылы сондай-ақ 14 нысанның (оның тең жартысы мектеп, үшеуі балабақша, бір-бірден интернат, спорт лагері және спорт залы) құрылысы жүргізілді.