ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Қазгидромет» РМК БҚО филиалының мәліметі бойынша 31 мамыр және 1 маусым күндері облыс аумағында шығыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін жетуі ықтимал, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО ТЖ департаменті жедел кезекшісінің көмекшісі, азаматтық қорғау сержанты Асланбек Хайруллиннің айтуынша, осыған байланысты облыс бойынша төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында тағы да ескерту жарияланды. Қазіргі кезде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, тиісті шаралар алынуда.
Айта кетейік, мұның алдында 29 және 30 мамыр күндері қатты желдің тұратыны жөнінде алдын ала ескерту жарияланған болатын. Желдің күшеюіне байланысты кей жерлерде электр жарығының сөніп қалуы орын алды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).