ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында балық аулауға шыққан тұрғын жоғалып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен алынған мәліметке қарағанда, бұл оқиға жөнінде хабарлама 23 сәуір күні сағат 08.00-де түскен.
Теректі ауданы Шаған ауылдық округінде 1954 жылғы азамат 14 сәуір күні Сатым елді мекенінен бес шақырым жерде Жайық өзеніне балық аулауға кетіп, содан оралмаған.
Мәлімет түскеннен кейін БҚО ТЖ департаменті жедел құтқару жасағынан 9 адам 2 техника, 2 жүзу құралымен ауданға барып, жергілікті полиция қызметінен бір қызметкер және 1 техниканың көмегімен іздестіру жұмыстарына кіріскен. Оған кинологтар да қосылды.
Теректі ауданы әкімі аппаратының ТЖ жөніндегі бас инспекторы Бақытжан Есқожин де балықшының әлі табылмағанын жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын осы Теректі ауданында балық аулауға барған Ресейден келген азаматтың суға кеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).