ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында жол апатынан алты адам қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің мәлім еткеніндей, оқиға 22 ақпан күні шамамен сағат 15.00-де Атырау-Орал жолының 259-шақырымында Ақжайық ауданы Атамекен ауылынан 10 км жерде болды.
«Тойота Королла» мен «Лада Приора» автокөліктері соқтығысты.
Соның салдарынан оқиға орнында алты адам көз жұмды. Бір адам түрлі жарақатпен Тайпақ ауылындағы ауруханаға жеткізілді.
Қазіргі кезде осы оқиға бойынша ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Қылмыстық іс аясында көліктік және трассологиялық сараптама тағайындалды, соның қорытындысына сәйкес заңды шешім қабылданады.
Жыл басынан бері облыста 29 жол-көлік оқиғасынан 14 адам мерт болып, 61 адам жарақат алды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).