ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жол апатынан бес адам қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға бүгін сағат 07.57-де Атырау-Орал жолының 238-шақырымында Ақжайық ауданы аумағында болды.
Тайпақ пен Алмалы ауылдарының арасында, өрт сөндіру бекетінен 18 шақырым жерде мал азығы тиелген тіркемесі бар «КамАЗ» мен «Тойота Камри» автокөлігі бетпе-бет соқтығысқан.
Соның салдарынан жеңіл көлік түгелдей өртеніп кетті. «КамАЗ» жүк көлігінің кабинасы да жанды. Жеңіл көліктен 5 адамның мүрдесі шығарылды.
Оқиға орнында өрт сөндірушілер мен полиция қызметкерлері жұмыс істеді.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаны растады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да ТЖ алынғанымен, блокпостар жұмысын жалғастырып жатқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).