ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жеңіл көлік жүк көлігімен соқтығысып, жүргізуші қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 25 қазан күні Самара-Шымкент жолының 290-шақырымында болды.
Сағат 16.17-де Теректі ауданы Бекей ауылы маңында «ВАЗ-2105» көлігі «Mercedes Bens Aktros» жүк көлігімен түйісті.
Жедел құтқару жасағының күшімен «ВАЗ-2105» көлігінде қыстырылып қалған 35 жастағы жүргізуші мен онымен құрдас жолаушы шығарылды.
Жүргізуші алған жарақаттары салдарынан оқиға орнында көз жұмды.
Жолаушы жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылды.
Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталу үстінде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да жол апатынан бір адамның қаза тауып, тағы үшеуінің зардап шеккенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).