ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында жол апатынан ер адам қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға бүгін ерте таңмен Орал-Атырау жолы бойында Бәйтерек ауданы аумағында орын алды.
«Мерседес» «ГазЕЛЬ» жүк көлігімен соқтығысқан.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, Үлкен Шаған ауылы тұсында болған жол-көлік оқиғасына жедел жәрдем сағат 04.25-те шақырылды.
Апат салдарынан 4 ер адам зардап шекті. Соның ішінде 1992 жылғы жігіт оқиға орнында көз жұмды. 1989 жылғы ер адам жабық бас-ми жарақаты, шамамен отыздардағы ер адам жақ сүйегі сынуы, іш жарақатымен облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілді. 1972 жылғы ер адам қаралып, оқиға орнында қалдырылды.
Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталу үстінде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).