ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жол апатынан кішкентай бала көз жұмды. БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 9 мамыр күні шамамен түс мезгілінде Орал-Атырау жолында болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Казталов-Индер бағытындағы жолдың 188-шақырымында 34 жастағы жүргізуші әйел айдап келе жатқан «Тойота Камри» автокөлігі аударылып қалды. Алдын ала мәліметке қарағанда, жүргізуші рульге ие бола алмаған. Жол апаты салдарынан кішкентай бала қаза тапты. Оған қоса, жүргізуші мен жолаушы зардап шекті. Қазіргі кезде ҚР ҚК 345-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр»
, - деп хабарлады ведомстводан.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының нақтылауынша, оқиға Орал-Атырау жолында Ақжайық ауданы Чапаев ауылынан 70 шақырым жерде болды. Жол апатынан 2019 жылғы бала жедел жәрдем келгенге дейін қайтыс болды. 1985 жылғы ер адам кеуде тұсынан жарақат алған, миы шайқалып, омыртқасына зақым келген. 1988 жылғы әйелдің беті көгерген.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал тұрғыны мас күйінде полиция пунктін таспен ұрғанын, Батыс Қазақстанда төрт адамға қасқыр шапқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).