ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстанда жол апатынан үш адам көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға 24 наурыз күні Орал-Атырау жолының 308-шақырымында Ақжайық ауданы аумағында болған.
«Шамамен сағат 14.30-да 1991 жылғы жүргізуші айдап келе жатқан «ГАЗ-330273-753» жүк көлігінің тіркемесі ағытылып, қарсы бетке шығып кеткен. Содан қарсы бетте 27 жастағы жүргізуші айдап келе жатқан «Тойота Камри» автокөлігімен соқтығысқан. Салдарынан «Тойота Камри» автокөлігінің жүргізушісі мен 22 және 42 жастағы екі жолаушысы оқиға орнында мерт болды. Ақжайық аудандық орталық ауруханасына 1979 және 1991 жылғы екі адам түрлі жарақатпен жеткізілді. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалып, барлық тиісті сараптамалар тағайындалды», - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда 22 жастағы қыздың 9 қабатты үйдің төбесінен секіріп кеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).