ОРАЛ. 21 ақпан. ҚазАқпарат - Биыл Батыс Қазақстан облысында жол салу, жөндеу жұмыстарына 1,8 млрд. теңге бөлу көзделіп отыр.
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, өңірде алты аудан орталығына апаратын қатқыл табанды жол жоқ. Қабылданған бағдарлама бар, жұмыс жоспарға сәйкес жалғасатын болады.
Өткен жылы автомобиль жолдарын жөндеуге 2,7 млрд. теңге бөлініп, ол толықтай игерілді.
Тұрғындардың аудан орталықтарына қатынайтын автобус бағыттарын ашу жөніндегі ұсыныс-тілегі орындалуда. Өткен жазда демеуқаржы арқылы қолдауға болатын әлеуметтік маңызы бар облысішілік автобус бағытының тізімі жасақталды. Күні бүгін облыстың 10 ауданына сыйымдылығы жоғары, қазіргі заманғы автобустар қатынауда. Биыл Бөкей ордасы ауданы орталығы Сайқын және Шыңғырлау ауылдары бойынша жаңа бағыт ашу жоспарланып отыр.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).