ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында жүк көлігі жаяу жүргіншіні қағып, мерт қылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға кеше шамамен сағат 20.50-де Орал-Кирсанов жолының 61-шақырымында Бәйтерек ауданы Январцев ауылы тұсында болды.
41 жастағы жүргізуші «DAF» жүк автокөлігімен («Нефаз» жартылай тіркемесімен) 22 жастағы жігітті қағып кетті.
Соның салдарынан жаяу жүргінші есін жия алмастан Оралдағы қалалық көпбейінді ауруханада қайтыс болды. Жүргізуші кінәсін толық мойындады.
Қазіргі кезде ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың нақтылауынша, көптеген жарақат алған марқұм жансақтау шаралары жүргізілгеніне қарамастан, сағат 21.50-де көз жұмды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да екі автокөлік соқтығысып, жүргізуші ауруханаға түскенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).