ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында Toyota Camry жүк көлігімен соқтығысып, жүргізуші көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 18 қазан күні сағат 15.20 шамасында Ақжайық ауданында болды.
«Атырау-Орал» жолының 239-шақырымында Алмалы ауылының тұсында Toyota Camry жеңіл көлігі DAF жүк көлігімен соқтығысты. №20 өрт сөндіру бекетінің күшімен жеңіл көлікке қыстырылып қалған 34 жастағы жүргізуші мен жолаушы шығарылды. Жүргізуші ауыр жарақаттан сол жерде қайтыс болды. Ал жолаушы Ақжайық аудандық орталық ауруханасына жедел жеткізілді.
Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталу үстінде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда екі автобус соқтығысып, 5 адамның жарақат алғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).