ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында биылғы он бір айда 86,7 млрд. теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО статистика департаментінен түскен мәліметке қарағанда, бұл өткен жылғыдан 5,4 пайызға артық. Жыл ішінде 1454 жаңа ғимарат пайдалануға берілсе, соның 1365-і - тұрғын үйлер.
Жыл басынан бері тұрғын үй құрылысына 19,4 млрд. теңге инвестиция жұмсалды, бұл 2015 жылғыдан 7,2 пайызға көп.
Облыста тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жалпы алаңы 234,3 мың шаршы метр тұрғын іске қосылып, өткен жылғыдан 16 пайызға асып түсті. Соның ішінде тұрғындар қаражатына 160,3 мың шаршы метр, республикалық бюджет есебінен 36,7 мың шаршы метр жалға берілетін және кәсіпорындар қаржысына 37,3 мың шаршы метр коммерциялық тұрғын үйлер салынды.
Тұрғын үйлер, әсіресе, Орал қаласында, сондай-ақ Жаңақала, Жәнібек, Зеленов, Теректі, Шыңғырлау аудандарында көбірек бой көтеруде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).