Батыс Қазақстанда жыл сайын 22 мың шаршы метр тұрғын үй салынбақшы

ОРАЛ. 19 қыркүйек. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында «Қолжетімді тұрғын үй - 2020» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес 2020 жылға дейін 136 мың шаршы метр тұрғын үй салынбақшы.

Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен «Қазақстан тұрғын үй-құрылыс корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Әйтекеновтің өңірдегі құрылыс индустриясы және мемлекеттік органдар өкілдерімен кездесуінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шәпкенов мәлім етті.

С.Шәпкеновтің атап өткеніндей, жыл сайын 22 мың шаршы метр тұрғын үй салынатын болса, 2020 жылға қарай жаңа төрт шағынаудан бой көтермекші.

   «Қазақстан тұрғын үй-құрылыс корпорациясы» АҚ басшысы Қайрат Әйтекеновтің айтуынша, бағдарлама бірнеше тетік бойынша іске асырылмақ. Корпорация кейін сатылып алынатын жалға берілетін үйлермен айналысатын болады. Бағдарламаны  жүзеге асыру барысында құрылыста жаңа технологиялар (соның ішінде қуат сақтау мен экология жағынан) қолданылмақшы.  Құрылыс істері жөніндегі агенттік жанында осы мәселелермен айналысатын тұрғын үй институты құрылады. Ең бастысы, тұрғын үй салуда қазақстандық қатысқа ерекше мән беріледі. Яғни Орал қаласында тұрғын үй құрылысымен жергілікті материалдарды пайдалана отырып, батысқазақстандық компаниялар айналысатын болады. Егер жергілікті өнімдер жоқ болса, көршілес облыстардан тасылады. Соның арқасында құрылыс индустриясы саласын дамыту, өндіріс аясын кеңейту ойластырылады. «Қолжетімді тұрғын үй - 2020» мемлекеттік бағдарламасы кешенді мақсат - дамыған әлеуметтік және басқа инфрақұрылымдары бар тұтас шағынаудандар тұрғызуды көздейді.