ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысы Зеленов ауданының атауы Бәйтерек болып өзгерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Үкіметінің 2018 жылғы 21 желтоқсандағы қаулысына сәйкес, БҚО-дағы Зеленов ауданы бұдан былай Бәйтерек деп аталатын болды. Осыған орай бүгін облыс әкімі Алтай Көлгінов ауданда болып, ардагерлер, жастар және зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, жұртшылықты қуанышты оқиғамен құттықтады.
Өңір басшысы Елбасы тапсырмаларына орай облыста көптеген жұмыстар жасалғанын атап өтті. Соның ішінде ауданның үстімен өтетін Орал-Тасқала-РФ шекарасы жолы пайдалануға берілді. Жол салу, су, газ құбырын тарту жұмыстары биыл да жалғасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зеленов ауданының атауын өзгерту туралы ұсыныстың депутаттар тарапынан қолдау тапқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).