ОРАЛ. 28 мамыр. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында 3 маусым күні итальян операсының жұлдызы Энрико Карузоны еске алуға арналған концерт қойылмақ.
Оған мексикалық тенор Алехандро Олмедо, Мәскеудегі К.С.Станиславский мен Вл.И.Немирович-Данченко атындағы музыкалық театрдың әншісі Антон Иванов, «Русская опера» Мәскеу музыкалық театрының әншісі Петр Мелентьев қатысады.
1873 жылы Неаполь қаласында 20 баласы бар отбасында дүниеге келген Энрико Карузо жасынан өзінің дауысының ерекше екенін білген. Жоқшылықпен күресіп, шіркеу хорында ән салып бастаған баланың алтын даусы кейін оны опера өнерінің шыңына көтеріп, әлемдегі ең қымбат төленетін әншіге айналдырған. Оның әйгілі «Метрополитен-опера» театрындағы бір концерті 2,5 мың доллар тұрған. Карузо көзі тірісінде атақ пен данқтың, байлықтың теңізінде жүзді. Бірақ әлемнің түпкір-түпкірінен оған берілген жоғары мемлекеттік ордендер де, байлық та, талантына бас иген халықтың қалтқысыз махаббаты да оны өзгерте алмаған. Әнші 1921 жылы 2 тамызда дүниеден озды.
Концерт Давид Гвинианидзе басқаратын «Әлем таланттары» қорының ұйымдастыруымен өтеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).