Батыс Қазақстанға бір жылда 45 оралман отбасы көшіп келді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысына өткен жылы 45 оралман отбасы көшіп келді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қалияр Айтмұхамбетовтің айтуынша, осылайша, өңірге қоныс аударған 68 қазаққа оралман мәртебесі берілді.

ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес оралмандар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы бекітіліп, оған Ақмола, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстары енгізілген. БҚО бұл өңірлік квотаға ілікпегенмен, Ақ Жайыққа оралмандардың келу легі тоқтамайды, алдағы уақытта да жалғаса береді.

Батыс Қазақстан облысы атажұртқа оралған отбасыларды 1993 жылдан қабылдай бастады. Ширек ғасырға жуық уақыт ішінде облысқа 3944 оралман отбасы немесе 17706 адам көшіп келді. Соның басым бөлігі Өзбекстан (2461 отбасы, 13735 адам) мен Ресей Федерациясынан (1283 отбасы, 3484 адам).

Қазіргі таңда атамекенге келген отандастарымыз ұрпақ өрбітіп, ел қатарлы өмір сүруде. Олардың арасында өз кәсібін өрістетіп отырғандары да аз емес.