ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысына кеше Sinopharm компаниясының Vero Cell вакцинасының 10 мың дозасы жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, вакцина 18 жастан асқан ересек адамдарға арналған.
Вакцина емханаларға бөлініп берілді.
Күні бүгінге дейін облыста 184 390 адам коронавирус вакцинасының бірінші, 141 782-сі екінші компонентімен егілді.
Соның ішінде 9 426-сы - медицина қызметкерлері, 15 631-і - педагогтар (99,5 пайыз), 4 392-сі - құқық қорғау органдарының өкілдері (88,8 пайыз), 1 287-сі - медициналық-әлеуметтік және жабық балалар мекемелерінде жұмыс істейтіндер.
Өңірде тұрғындарды вакцинациялау одан әрі жалғасуда.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да коронавирус жұқтырған 2 415 науқастың амбулаторияда емделіп жүргенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).