Батыс Қазақстаннан Олимпиадаға екі спортшы қатысады

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Орал қаласында олимпиадашыларды қолдау мақсатында мемлекеттік мекемелер қызметкерлері арасында денсаулық күні өткізілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

  

Облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысқан шара барысында қала басшысы Мұрат Мұқаевтың атап өткеніндей, Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында 9 ақпан күні басталатын қысқы Олимпиада ойындарына Оралдан шорт-трек шеберлері, әлем кубогы кезеңдерінің жеңімпаздары Абзал Әжіғалиев пен Нұрберген Жұмағазиев қатысады. Оған қоса Абзалдың Олимпиаданың ашылу салтанатында еліміздің көк байрағын алып шығатыны белгілі. Батысқазақстандықтар тек шорттрекшілер ғана емес, дүниежүзілік додаға қатысатын барша қазақстандық спортшыларды қолдайды.

 

Шағын футбол, волейбол, хоккей және шаңғы жарысынан өткен шара қорытындысында жеңімпаз, жүлдегерлер марапатталды.

 

Еске сала кетейік, Н.Жұмағазиев пен А.Әжіғалиев 500 метрлік қашықтықта сынға түседі. Нұрберген сондай-ақ 1000 және 1500 метр қашықтықта жарыс жолына шығады. Оған қоса олар Қазақстан құрамасы сапында 5 мың метрлік эстафетада команданың неғұрлым биіктен көрінуі үшін барын салады. Сочи Олимпиадасында Қазақстан ерлер құрамасының осы эстафеталық жарыста бесінші орынға ие болғаны белгілі.

 

Қазақстандықтар осы спорт түрінен де жүлде күтіп отыр.

 

Шорт-тректен Қазақстан құрамасының бас бапкері Мәдіғали Қарсыбековке хабарласқанымызда, ол бәрінің де ойдағыдай екендігін, осыған дейін Жапонияда жаттыққан спортшылардың бүгін Сеулге жететіндігін білдірді.