Облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, Оралда Азиада алауын алып жүру салтанаты 18 қаңтар күні өткізілмек. Алау ұстаушылар тізімінде облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов, облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Ноғаев, облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшармен қатар осы өңірдің спорт ардагерлері Қамеш Исмағұлов, Батырқайыр Әйешев, Темірболат Құбашев, Асқар Шораевтар бар. Сондай-ақ атақты спортшылардан самбодан әлем чемпионы, әлем кубогының иегері Қоныс Жетпісов, осы күрестен дүние жүзінің үш дүркін жеңімпазы Ерболат Байбатыров, грек-рим күресінен жастар арасындағы әлем чемпионы Артур Үмбетқалиев, дойбыдан төрт мәрте әлем чемпионы Алтынай Жұмагелдиеваларды атауға болады. Ақын Ақұштап Бақтыгереева, белгілі кино әртісі Меруерт Өтекешева, әкелі-балалы композиторлар, ҚР халық әртісі Ескендір және Біржан Хасанғалиевтер, батысқазақстандық әнші, ҚР еңбек сіңірген әртісі Қанатқали Қожақов, дирижер, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты Еркін Нұрымбетов, Оралдағы ЖОО басшылары Тұяқбай Рысбеков, Ақсерік Әйтімовтер де алау ұстайтындар қатарынан табылмақ.
10:17, 08 Қаңтар 2011
Батыс Қазақстаннан VІІ қысқы Азия ойындары алауын 50 адам алып жүрмек
ОРАЛ. 8 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысынан VІІ қысқы Азия ойындары алауын 50 адам алып жүрмек.