ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Ақжайық» стадионында Отан қорғаушылар және Жеңіс күніне орай Батыс Қазақстан облысының құқық қорғау органдары арасында шағын футболдан жарыс мәреге жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, турнирге барлығы жеті команда қатысып, бақ сынады.
Жарыстың жартылай финалында БҚО ТЖ департаменті командасы ҚР ҰҚК БҚО бойынша департаменті өкілдерін 3:2 есебімен жеңсе, БҚО бойынша мамандандырылған күзет қызметі басқармасы ішкі істер департаменті қызметкерлерін 1:0 есебімен тізе бүктірді. Финалда күзеттіктер төтеншеліктерді 3:1 есебімен ұтып, жеңімпаз атанды. Полиция қызметкерлерінен 2:1 есебімен басым түскен ҰҚК департаменті үшінші орынға ие болды. Сондай-ақ күзеттен Думан Қайыров «үздік шабуылшы», Алексей Салтин (ТЖ департаменті) «үздік қорғаушы», Дулат Қожахмет (ҰҚК департаменті) «үздік қақпашы» атанды.
Айта кетейік, дәстүрлі турнирге жылма-жыл сексеннен астам қызметкер қатысып келеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).