«Батыс Қытай -Батыс Европа» дәлізі бойында жедел көмек көрсету стансасы ашылды - Қызылорда

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы аумағында тұратын халыққа және «Батыс Қытай -Батыс Европа» дәлізі бойындағы жолаушыларға дер кезінде жедел көмек көрсету стансасы ашылды.

Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі хабарлады.

  Облыстық жедел -жәрдем қызметі енді бірыңғай автоматтандырылған жүйеге тіркеліп, өңір аумағында осы қызметке қолжетімді болмақ. Тарата айтсақ, Сіз облыс аумағының кез келген  нүктесінде тұрып, 103-ке телефон соққан жағдайда, қоңырауыңыз орталыққа түседі. Орталық көмекті сол жерге жақын медициналық бригадаларға жүктеп, жылдам көмек көрсетіледі. Жүйені құруға облыстық бюджеттен 19 млн теңге бөлінді. Алдағы уақытта «Батыс Европа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің бойында белгілі бір ара қашықтықты қамтитын  байланыс бекеттері ашылады. Жолаушылар сол арқылы орталықпен кез келген уақытта байланыса алады.

Әрине, облыстық статусқа ие болған жедел-жәрдем қызметінің ауқымы да кеңейді. Санитарлық авиация қызметі қосылды, трасса бойындағы апаттарға да жедел қызмет көрсетуге мүмкіндік туды.

Қызметкерлер саны 1000-нан асты. Жедел қызмет көрсететін мамандандырылған бригадалар саны 28 ден -52 дейін артты.

Келер жылы жедел жәрдем қызметінің материалдық техникалық ахуалын жақсарту мақсатында, белгілі қаржы көздерінен 24 санитарлық автокөлік алынады.