«Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдері өз таңдауларын жасады (ФОТО)

ОРАЛ. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының Ақтау, Ақтөбе, Атырау және Орал қаласында орналасқан әскери бөлімдері бүгін ұйымшылдықпен дауыс беріп, өз таңдауларын жасады.

«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, барлық бөлімдерде сайлау заңға сәйкес өткізілді. Оралда 5517-әскери бөлімде орналасқан №479 сайлау учаскесінде алғашқылардың бірі болып «Батыс» өңірлік қолбасшысы, генерал-майор Қайрат Ақтанов дауыс берді. «Бүгін - тарихи күн. Елдің болашағы осы сайлауға байланысты. Сондықтан Қазақстан азаматы ретінде өз борышымды орындап, азаматтық ұстанымымды білдірдім», деді Қ.Ақтанов. 6656-әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы, майор Дулат Имановтың айтуынша, әскери қызметкерлер белсенділіктерінің жоғары екендігін көрсете білді. Туған күндері сайлаумен тұспа-тұс келген бес жауынгер ұмыт қалмай, оларға сыйлықтар табыс етілді. Сондай-ақ алғашқы болып өз таңдауын жасағандар да ұмыт қалған жоқ.

Сайлау комиссияларында заңбұзушылықтардың болмағандығын байқаушылар да атап өтті.

Сонымен, сағат 11.00-ге дейін «Батыс» өңірлік қолбасшылығының жеке құрамы түгелдей дауыс берді. Әскери бөлімдердегі барлығы бес жабық сайлау учаскесінде 5 мыңнан астам адам өз таңдауын жасады.