Батысқазақстандық 6 турист велосипедпен Астанаға аттанды
БҚО балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Виктор Фоминнің айтуынша, олар Астанаға дейінгі 2 мың шақырым жолды 20 күнде жүріп өтпек.
Мұндай веложорық Батыс Қазақстан тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Сапар мақсаты - Астананың 20 жылдығы аясында велотуризмді насихаттау, қалың бұқараның спортпен айналысуына септесу.
Жорықшылардың үшеуі - облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығының қызметкерлері болса, қалғандары - Ақжайық, Бөрлі, Сырым аудандарының қосымша білім беру педагогтары. Олардың бәрі де жастар деуге болады, біреуі - әйел адам.
«Велосипедшілеріміз мұндай ұзақ қашықтыққа шығу үшін алдын ала дайындалды. Күн сайын 100 шақырымды артқа тастау оңай емес. Олар аудан-ауылдарды айтпағанда, Ақтөбе-Тобыл-Қостанай-Есіл қалалары арқылы жүріп өтіп, Астанаға 3 тамызда жетпекші. Әр қалада аялдап, туризм орталықтары мен тарихи орындарда болып, жергілікті туристермен тәжірибе де алмасады», - деді ҚазАқпарат тілшісіне Виктор Фомин.