ОРАЛ. ҚазАқпарат - Алматы қаласында ҚР Қорғаныс министрлігінің кубогы үшін дзюдодан өткен республикалық ашық турнирден батысқазақстандықтар жеңімпаз болып оралды.
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, Ерназар Хамзин 81 келіде топ жарса, Аңсар Хамзин 90 келі салмақта чемпион атанды.
Ағалы-інілі балуандарды Сайын Ерғалиев жаттықтырады. Айта кетейік, Ерназар Хамзин - қазақ күресінен де олжа салып жүрген спортшы.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).