Батысқазақстандық ақын аймақтық айтыста бірінші орынға ие болды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батысқазақстандық ақын, «Жайық Пресс» ЖШС Сырым аудандық «Сырым елі» газетінің тілшісі Бауыржан Ширмединұлы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданының орталығы Шәуілдірде өткен ақын Тәушен Әбуованың 85 жылдығына арналған "Жырыңды сағындым сенің, Тәушен апа!" атты аймақтық ақындар айтысында бірінші орынға ие болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.



Отырар ауданы әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, кезінде айтқыштығымен, тапқырлығымен дараланып, талайды жолда қалдырған Тәушен Әбуованы еске алуға арналған айтысқа түскен алты жұп ақынның арасынан төртеуі соңғы айналымға өтті. Атап айтқанда, қарағандылық Дидар Қамиев пен батысқазақстандық Бауыржан Ширмединұлы, екінші жұпта өнер көрсеткен қызылордалық Мөлдір Айтбай мен оңтүстікқазақстандық Қажымұқан Абзалов айтысқа тыңғылықты дайындықпен келгендерін байқатты.

 

Қазақстанның халық ақыны Әселхан Қалыбекова бастаған қазылар алқасы Д.Қамиевті бас жүлдеге лайық деп тапса, Б.Ширмединұлына бірінші орын бұйырды. Қ.Абзалов аудан әкімінің арнайы жүлдесіне, сарыағаштық Нұрғали Әнәпия екінші, отырарлық Дәурен Полатбаев үшінші орынға ие болды. М.Айтбай «Нұр Отан» партиясы ОҚО филиалының арнайы жүлдесін, қарағандылық Ботакөз Мұхиддин облыстық мәдениет басқармасының сыйлығын, жамбылдық Нұрлыбек Құрманов Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің алғысхаты мен арнайы сертификатын еншіледі. Қалған айтыскерлер де марапат пен сыйлықтан кенде қалған жоқ.

   

Айта кетейік, бұл Бауыржан Ширмединұлының бірінші жүлдесі емес. Ол бұдан бұрын да республикалық додаларда топ жарған болатын.