Батысқазақстандық ақын С.Бисенғалиевке жерлестері «темір тұлпар» мінгізді

ОРАЛ. 18 мамыр. ҚазАқпарат - Ақжайық ауданының орталығы Чапаев ауылында ақын Сағынтай Бисенғалиевтың 55 жасқа толуына орай шығармашылық кеші өтті.

Кезінде республикалық айтыстарға қатысып, жүлде алған С.Бисенғалиев біраздан бері жазба өлеңдерімен де көрініп келеді. Аудан әкімі Нариман Төреғалиевтің атап өткеніндей, өмір бойы ауылда еңбек еткен, өз балалары Айнабек және Әсетпен бірге басқа да талапкерлерді айтыс өнеріне баулып жүрген Сағынтай ақынның еңбегі ай­тарлықтай.

Ауданның үлкен-кішісі көп жинал­ған кеште журналист Тілес Жа­зықбай Сағынтайдың шы­­ғарма­шылығын саралап, шолу жа­са­ды. Одан соң ақынның жырлары оқылып, әуесқой сазгерлер Ғ.Қибашев, Ж.Қуанға­лиев, А.Жанайышевтың әндері шырқал­ды. Сағынтайдың ұлы Айна­бек пен Талғат Мықи айтысты.

Орал қаласынан кешке әдейі барған журналист Б.Қуатов және Н.Ізтелеуов, Ә.Кереев сынды ардагер ағалар кешке салмақ берсе, ақынның достары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қ.Бердіғалиев, Ұ.Сариева, З.Сисенғалиев, Б.Қа­лиолла, Ү.Елеубаева, Р.Шақу және марқұм досы Т.Досымовтың жары Қарлығаш пен ұлы Абыл, ауылдық округ әкімдері ақынға жүрекжарды тілектерін жеткізіп, сый-сияпаттар жасады. Мән-мазмұны келіскен кеште Сағынтайдың шәкірттері бірінен соң бірі сахнаға шығып, өз өлеңдерін оқыды.

Облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Мүсілім Оңдағанов жерлес ағасы Сағынтайға жеңіл автокөлік сыйлады. Кеш соңында аудан халқы Сағынтай ақынды су жаңа темір тұлпарға мінгізіп, қуанышын бірге бөлісті.