Батысқазақстандық Анита Нагай Азиаданың қола жүлдегері атанды
Анита Қазақстан құрамасы сапында Ким Йонг А, Анастасия Крестова, Мәдина Жанбосынова және Ольга Тихоновамен бірге 3 мың метрлік қашықтықта эстафеталық жарыс финалында Оңтүстік Корея, Қытай және Жапония командаларымен сынға түсті. Жарыс барысында төртінші келе жатқан қазақстандықтарға сәттілік жолдас болды. Өйткені жапондық қыздар құлап қалып, оларды қазақстандықтар басып озды. Осылайша оңтүстіккореялықтар алтыннан алқа тақса, қытайлықтарға күміс, Қазақстан құрамасына қола жүлде бұйырды. Ал ерлер арасында қазақстандықтар ерекше табысқа қол жеткізе қойған жоқ. Мұның себебі Саппороға шорт-трекшілердің екінші құрамы барғандығында деуге болады. Негізгі құрам Голландияның Роттердам қаласында өтетін әлем чемпионатына әзірленуде.
Сонымен, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің 1-курсында оқитын Анита Нагай кезекті қола медалін еншілеп отыр. Бұған дейін ол өткен жылы Лиллехаммерде өткен жасөспірімдердің қысқы олимпиадасы және биыл Алматыдағы қысқы универсиаданың қола жүлделерін жеңіп алған болатын.
фото:Ізтұрған Алдауев