ОРАЛ. Қыркүйектің 5-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Қыркүйектің 5-інде БҚО ішкі істер департаменті «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімшесінің құрылғанына 11 жыл толды.
Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінен ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, осы кезеңде кепілге алынғандарды құтқару, содырлықты болдырмау, ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерін құрықтау мақсатында құрылған арнайы бөлімше түрлі қиын сыннан абыроймен өтіп келеді. Мәселен, биылдың өзінде «арландықтар» өңірде 2008-2009 жылдары кісі өлтіріп, қарақшылықпен айналысқан Ю.Сламихиннің қарулы бандасын қатты қарсылыққа кездесіп, төрт бірдей полиция қызметкерінің жараланғанына қарамастан, қолға түсірді. Бұл топтың басшылары мен мүшелері ұзақ жылға бас бостандықтарынан айрылды. Сондай-ақ бір жасар сәби мен оның анасын кепілге алғандар да құтылмады.
Осындай ерліктері үшін «Арланның» бірнеше қызметкері Елбасы Жарлығымен «Айбын» орденімен және «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).