ОРАЛ. Мамырдың 31-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Алматы қаласында өткізілген Орталық Азия елдерінің ІІІ халықаралық театр фестивалінде Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының өкілдері де табысты өнер көрсетті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталмыш фестивальге Қазақстан ғана емес, сондай-ақ Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінің де театрлары қатысқан болатын. Батысқазақстандық театр жас режиссер Асхат Маемиров сахналаған белгілі американдық драматург Эдуард Олбидің «Хайуанаттар бағындағы оқиға» қойылымын ұсынды. Осы спектакльде ойнаған Данияр Базарқұлов фестиваль қорытындысында «Ең үздік ер адам бейнесі» аталымы бойынша жеңімпаз атанды.
Бар болғаны екі-ақ әртіс (Д.Базарқұлов пен Алмас Шоман) ойнайтын спектакль өткен жылы Американың Ричфилд қаласында Михаил Чехов атындағы дүниежүзілік театр фестивалінде қойылып, жақсы бағаланған болатын. Бұл жолы батысқазақстандықтарды Алматыдағы өнер додасында қазылар алқасына басшылық еткен Түркияның Кониа қаласындағы мемлекеттік театрдың директоры Сафия Чухадароглы өз елдерінде болатын тағы бір халықаралық театр фестиваліне шақырды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).