Ақтөбе қаласында БҚО филармониясының «Орал сазы» фольклорлық және «Назерке» халықтық би ансамблі өз өнерлерін көрсетті. Сондай-ақ танымал әншілер, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері Жаңылсын Хасанова, Марат Сарбөпеев, ҚР мәдениет саласының үздігі Майра Хайдарова, республикалық байқаулардың лауреаттары Күләш Қуанышқалиева, Фархат Оразов, Берік Шаймардан және басқалар әуелете ән шырқап, ақтөбеліктердің қошеметіне бөленді. Халыққа рухани-мәдени қызмет көрсетіп, ұлттық өнерді насихаттағаны үшін Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония директоры Елубай Кенжәлиев батысқазақстандықтарға алғысхат табыс етті. Ол, әсіресе, жуырда ғана халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінде бірінші орынды иеленген «Назерке» халықтық би ансамблінің өнерін жоғары бағалады.
«Енді өзара келісімге сәйкес ақтөбеліктер келіп, тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Оралда өнер көрсетпекші. Жалпы, Ақтөбе, Қызылорда облыстары филармонияларының басшыларымен тәжірибе алмасу, гастрольдік сапарларды ұйымдастыру мақсатында меморандумға қол қойғанбыз. Мұндай байланыс Атырау, Маңғыстау облыстарымен де жақсы жолға қойылған. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен филармонияның жартығасырлық мерейтойына байланысты биылдың өзінде Атырау мен Маңғыстауда, Астанада, Қазан қаласында гастрольдік сапармен болдық. Енді желтоқсан айының басында Алматы қаласына үлкен құраммен бармақшымыз. Онда «Ақжайық» халықтық ән-би ансамблі, БҚО әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрі де сахнаға шығады», - деді ҚазАқпарат тілшісіне БҚО филармониясының директоры Қадырболат Мұсағалиев.