Батысқазақстандық бадминтоншылар ел чемпионатынан табыспен оралды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО құрамасы Қарағанды қаласында бадминтоннан 2003-2004, 2005 жылғы және одан кіші жастағы жасөспірімдер арасында мәреге жеткен жекелей-командалық Қазақстан чемпионатынан табыспен оралды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Бадминтоннан БҚО жасөспірімдер құрамасының аға бапкері Н.Толкачеваның айтуынша, жарыс қорытындысында жекелей сында Матвей Грищенко 2005 жылғы және одан кіші жастағылар арасында қола жүлдегер атанды. Оған қоса Матвей Тимур Мұқашевпен бірге жұптық және Вероника Витманмен аралас сында тағы екі қола медальді жеңіп алды. Сондай-ақ 2003-2004 жылғылар арасында Наргиза Рахметуллаева шымкенттік Дарья Чотоновамен бірге жұптасып өнер көрсетуде үшінші орынға көтерілді. Ал 2004 жылғы және одан кішілер арасында Вероника Витман қостанайлық Анастасия Бушаевамен, сонымен қатар 2003-2004 жылғылар арасында Никита Васильев тағы бір қостанайлық Жәңгір Ибраевпен бірге жұптық сында күміс жүлдені иеленді.

БҚО құрамасы командалық сында төртінші орынға табан тіреді.