Батысқазақстандық БАҚ өкілдері ұлтаралық және дінаралық татулықты бұдан былай да насихаттай бермек

ОРАЛ. 15 қараша. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батысқазақстандық БАҚ өкілдері ұлтаралық және дінаралық татулықты бұдан былай да насихаттай бермек. Бұл туралы «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы мен Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы ұйымдастырған дөңгелек үстел отырысында айтылды.

Алқалы басқосуды Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы төрағасының орынбасары Қуанышбай Төлебаев ашып, жиналғандарды алдағы Құрбан айт мерекесімен құттықтады. Сонан кейін таяуда ғана Астана қаласында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XVI сессиясының қорытындылары туралы жария етті. Еліміз бойынша Ассамблея жұмысын насихаттайтын басылымдарды таныстыра отырып, ол БАҚ өкілдерін бұдан былай да ұлтаралық және дінаралық ынтымақты нығайтуға үлес қосуға шақырды. Отанымыздағы қоғамдық-саяси тұрақтылық, ұлтаралық және дінаралық татулыққа қайшы келетін әрекеттерге бармау жөнінде айта келіп, тараптардың тек қана ниеттерін білдіретін ассамблея мен БАҚ арасындағы ықпалдастық жөніндегі меморандумға қол қоюды ұсынды.

Дөңгелек үстел отырысында ассамблеяның бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл кеңесінің төрағасы, «Информбиржа ньюс» газетінің бас редакторы Сергей Кульпин сөйлеп, ұсынысты қуаттады. Сондай-ақ дөңгелек үстел отырысы барысында облыстық ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары Серік Бисембаев, М.Өтемісұлы атындағы БҚМУ-дың проректоры Әсет Тасмағамбетов, «Қазақстанның коммунистік халық партиясы» облыстық комитетінің хатшысы, «Земля и люди» газетінің бас редакторы Екатерина Макеева және басқалар меморандумға қол қоюды мақұлдап, оны толықтыру жөніндегі ой-пікірлерімен бөлісті.