ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батысқазақстандық жас балуан Дәулет Ларионов Мәскеу қаласында КСРО еңбек сіңірген спорт шебері, 1968 жылғы олимпиада чемпионы Борис Гуревичті еске алуға арналған грек-рим күресінен жасөспірімдер арасында өткен халықаралық турнирден табыспен оралды.
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, Дәулет 63 келіге дейінгі салмақта күміс медальді жеңіп алды.
Аталмыш жарысқа Ресей, Қазақстан, Беларусь және басқа елдерден 620 спортшы қатысып, бақ сынады.
Айта кетейік, Д.Ларионов осыған дейін тағы бір олимпиада чемпионы Иван Ярыгинді еске алуға арналған бүкілресейлік турнирдің жеңімпазы атанған болатын. Мақсот Төлегенов пен әкесі Алексей Ларионов жаттықтыратын Дәулет - белгілі балуан, Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Екатерина Ларионованың туған інісі.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).