АСТАНА. ҚазАқпарат - Минск қаласында үш мәрте олимпиада чемпионы Александр Медведьтің жүлдесі үшін еркін күрестен өткен халықаралық турнирде БҚО ішкі істер департаментінің қызметкері Екатерина Ларионова күміс жүлдегер атанды.
Департаменттің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, аталған жарысқа әлемнің 25 елінен мықты балуандар қатысып, бақ сынады. Е.Ларионова 63 келі салмақта екінші орынға көтерілді.
Еске сала кетейік, бұл - Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Екатеринаның жыл басынан бергі үшінші медалі. Ол қаңтардың орта тұсында Таразда өткен ел чемпионатында жеңімпаз атанса, одан кейін сол айдың аяғында Красноярскіде «Иван Ярыгин» ХХVII халықаралық Гран-при турнирінде қола жүлдені еншілеген еді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).