Батысқазақстандық белгілі ғалым Т.Рысбеков «Білім маршалы» атанды

None
ОРАЛ. 31 желтоқсан. ҚазАқпарат - Батысқазақстандық белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тұяқбай Рысбеков үшін 2013 жыл ерекше жемісті болды.

Жуырда ғалым арнайы ша­қыр­умен Париж қаласына барып қайтты. Онда Т.Рысбековке ғылым сала­сындағы айрықша жетістігі үшін салтанатты жағдайда Наполеон медалі табыс етілді. Бұл жоғары награданы халықаралық ұйым - ұлттық өнеркәсіпті қолдаушы ассоциация (SEIN) тағайындаған және білім мен экономика сала­сындағы ерекше еңбегі үшін беріледі. SEIN 1801 жылы Наполеон Бонапарттың жарлығы бойынша құрылған. Ассоциацияның жоға­ры марапаты SPI алтын медалі 2005 жылы БҚМУ-ға берілген болатын. Ол кезде Т.Рысбеков осы оқу орнының ректоры еді. Биылғы жылы осы медальді Т.Рысбеков­пен бірге SEIN президенті Оливье Муссонның қолынан еліміздің тағы екі өкілі алды. Олар - белгілі шарап өндіруші Артуш Карапе­тян және Астана қаласынан меди­цина ғылымдарының кандида­ты Дина Тұрақбаева.

Профессорға медальмен бір­ге "Білім маршалы" атағы беріл­ге­ні жөнінде сертификат та­быс етілді. Ғалымды Парижден орал­­ғанда тағы бір марапат кү­тіп тұрды. Халықаралық Сократов комитетінің (Оксфорд, Ұлы­британия) шешімімен ол Еуро­­палық Бизнес Ассамблея «Best Scientist» («Озат ғалым») халық­аралық байқаудың же­ңім­пазы атанды. Оған қоса оның ғылыми еңбегі

2013 жылғы Сократов жинағының 78-бетіне жарияланды. Биыл Тұяқбай Зейітұлы көптеген халықаралық конференцияларда, соның ішінде Ганновер (Германия), Санкт-Петербор, Краснодар, Екатеринбург, Якутск, Астана және Орал қалаларында өт­кен жиын­дарда баяндама жасады. Жыл ішінде оның жетекшілігі­мен 3 магистр даярланып, 30-дан ас­там ғылыми-әдістемелік мақа­­лалар жарияланды.

Т.Рысбеков - оннан астам монография, 400-дей ғылыми еңбектің авторы, «Парасат» орденінің иегері, Орал қаласының құрметті азаматы. Сондай-ақ облыстық мәслихаттың депутаты ретінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, өзекті мәселелерінің дер кезінде шешілуіне өз үлесін қосып келеді.