Батысқазақстандық белгілі жыршы-термеші өмірден озды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батысқазақстандық белгілі жыршы-термеші, Мәдениет қайраткері Көшерғали Макаров өмірден озды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Облыстық халық шығармашылығы орталығынан түскен мәліметке қарағанда, Көшерғали Макаров 1951 жылы Атырау облысы Қызылқоға ауылында дүниеге келді. Орта мектептен кейін техникалық училищені бітірген.

1968 жылы Батыс Қазақстан облысы Тайпақ ауданы Базаршолан ауылына келіп, ауыл шаруашылығы саласында қызмет атқарды. Дегенмен жастайын өнерге құмар Көшерғали Макаров домбырамен ән салып, ауыл-аймаққа танымал болады. 1970 жылдан мәдениет саласына ауысып, Базаршолан ауылында автоклуб меңгерушісі болып жұмыс жасады.

1980 жылы Ақтөбе мәдени-ағарту училищесін бітіріп, 1982 жылдан зейнет жасына дейін қазіргі Ақжайық ауданы (бұрынғы Тайпақ) Сарытоғай ауылында мәдениет үйінің жетекшісі болды.

К.Макаров  мәдениет саласында қызмет атқарумен бірге Қазақстанның батыс өңірінде жыршылық өнердің үзілмеуіне өз үлесін қосты. Өзі секілді елге танымал шәкірттер тәрбиелеп, өзіндік өнер мектебін қалыптастырды. Дәстүрлі әндер мен қазақ жырларын насихаттау мақсатында ТМД елдеріне де өнер сапарына шығып, Мұхит, Ғарифоллалар салып кеткен сара жолдың жалғастырушысы болды.

Көшерғали Макаров табиғи талантының арқасында көптеген табыстарға қол жеткізіп, елдің қошеметіне бөленді. Атап айтқанда, 1980 жылы Мұхит Мерәліұлының 140 жылдығына арналған әншілер байқауының, 1988 жылы Алматы қаласындағы республикалық жыршы-термешілер байқауының, 1988 жылы Баку қаласындағы дүниежүзілік жыршылар байқауының, 1989 жылы Түркі халықтары дастаншыларының халықаралық өнер фестивалінің лауреаты атанды. Сондай-ақ 2001 жылы Қызылорда қаласындағы «Ғасырлар үні» жыршылардың «Жиенбай жырау» атындағы байқау жүлдегері, 2005 жылы Маңғыстау қаласындағы «Шотан батыр» жыршылар байқауының лауреаты болды. Ал 2005 жылы ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі мен ҚР Мәдениет пен өнерді қолдаудың мемлекеттік қорының «Мәдениет қайраткері» құрмет белгісімен марапатталды.