ОРАЛ. ҚазАқпарат - Мәскеу түбіндегі Ивантеевка қаласында Ресейдің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Николай Хромовтың жүлдесі үшін бокстан өткен ХV ашық бүкілресейлік турнирде батысқазақстандық Нұрсұлтан Нұриденов қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық мектеп-интернаттан түскен мәліметке қарағанда, Ресей қалалары мен аймақтарынан, сондай-ақ Қазақстаннан боксшылар қатысқан айтулы додада Нұрсұлтан 48 кг салмақта жүлдегерлер қатарынан көрінді. Оның бапкері - Ернар Нұриденов.
Айта кетейік, бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, екі мәрте КСРО чемпионы, 1971 жылғы Еуропа біріншілігінің қола жүлдегері Николай Хромов бапкерлік жолда да үлкен табыстарға қол жеткізген. Ресей құрамасын жаттықтырған ол 2009 жылы халықаралық бокс қауымдастығының (AIBA) шешімімен жылдың үздік жаттықтырушысы болып танылған. Н.Д.Хромов 7 қараша күні 70 жасқа толды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).