ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батысқазақстандық дойбышы Алтынай Жұмагелдиеваға халықаралық гроссмейстер атағы берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алтынайдың әкесі әрі жеке бапкері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Данияр Жұмагелдиевтің айтуынша, бұл жоғары атақ Халықаралық дойбы федерациясының шешімімен Болгарияның Кранево қаласында дойбыдан әлем чемпионатының ашылу салтанаты кезінде бүгін табыс етілді.
Алтынай қазақстандық қыздар арасында мұндай атаққа бірінші болып қол жеткізді. Осыған дейін бұл атақты Ресейде жүрген қазақ қызы Жанна Саршаева иеленген.
Алтынай Жұмагелдиева – дойбыдан жастар арасында алты дүркін әлем чемпионы. Бұл жолғы дүниежүзілік додаға ол 27 жасқа дейінгі жастар арасында бақ сынауда.
А.Жұмагелдиеваның осылайша табысты өнер көрсетуіне БҚО дойбы федерациясының президенті Жарқын Тәжіғалиев те өз үлесін қосып келеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).