Батысқазақстандық дзюдошы Еуропа кубогы жарысында қола жүлдені жеңіп алды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батысқазақстандық Ерлан Оңалов Түркияның Анталия қаласында жасөспірімдер арасында дзюдо күресінен Еуропа кубогы үшін өткен халықаралық жарыста қола жүлдені жеңіп алды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық мектеп-интернатта оқитын Ерлан 50 кг салмақта үздіктер қатарынан көрінді.

Бұл Е.Оңаловтың бірінші жеңісі емес. Бұдан бір жыл бұрын Ақтөбе қаласында 1999-2000 жылғы жасөспірімдер арасында топ жарған Ерлан халықаралық додалардан да жүлделі оралып жүр. Мысалы, өткен жылғы қыркүйекте Саратовта жасөспірімдер арасында өткен қаланың ашық кубогы үшін өткен жарыста Нариман Бекқалиев жаттықтыратын Е.Оңалов жеңімпаз атанған болатын.